Экономика және есеп кафедрасы

«Экономика және  есеп» кафедрасы 5В050600-Экономика, 5В050800-Есеп және аудит мамандықтары бойынша жоғары білікті мамандарды дайындайды. Кафедрада бакалавр даярлауда әртүрлі білім салаларынан дәріс беретін штаттағы экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар,  доценттер, экономика ғылымдарының кандидаттары,  аға оқытушылар қызмет атқарады.

Кафедра М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Экономика және қаржы» факультетімен, «Мирас» университетімен, ОҚО «Экономика және бюджеттік жоспарлау» департаменті, ОҚО мемлекеттік кірістер департаменті, ОҚО қаржы басқармасымен, қаланың бірқатар ірі кәсіпорындары және ұйымдарымен тығыз байланысып, келісім-шарттар жасалынған. Кафедраның оқытушы-профессорлар жетекшiлiгiмен студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарымен  айналысады. Студенттер оқу-танысу, кәсіби іс-тәжірибелерін облысымыздағы ОҚО «Экономика және бюджеттік жоспарлау» департаментімен, ЖШС «Визит АСЗ», АҚ «Банк Центр Кредит», ОҚО Мемлекеттік кірістер департаментінде, ЖШС «ALUCO TRADING», ЖШС «BIIK Company», АҚ «СЕНТРАС ИНШУРАНС», АҚ «Казахинстрах»  сақтандыру компаниясында өтеді.  Сонымен бiрге, олар республикалық, халықаралық байқауларға, университет iшiлiк, факультет аралық конференцияларға баяндамалар жасап, қатысады. Факультетте мамандықтар бойынша интернет орталығы жұмыс істейді. Онда 82 компьютер бар. Студенттерге ғылыммен айналысуға, келешекте магистратурада оқуға толық мүмкіндік жасалған. Кафедра түлектері ірі кәсіпорындарда жоғары білікті маман, жетекші, басшы, менеджер, өндiрiстiк-басқарушылық, ұйымдастырушылық-технологиялық  қызметтерді  табысты атқаруда.

Бітірушілерді жұмыспен қамту үшін мүмкіндіктер мол, кәсіби қызмет саласы: мемлекеттік органдар, аудандық әкімшіліктерде жетекші маман, қандай болмасын қызмет түрімен айналысатын барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындар, мекемелер, нарықтық инфрақұрылым буынындағы экономиканы мемлекеттік реттеуді іске асыратын басқару органдары және ғылыми-зерттеу мекемелері және т.б. болып табылады.

Түлектер кәсіпкерлер ретінде әрекет жасап, өз бизнесін құрып, еліміздің экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүр.

5В050600 –  «Экономика»  (мамандануы: «Өндірісті басқару және қызмет көрсету», «Халықаралық бизнесті басқару»). Бітірушіге экономика мамандығы бойынша «Экономика және бизнес бакалавры» академиялық дәрежесі беріледі. Экономика және бизнес бакалавры экономист, маман және талдаушы қызметін атқара алады. Экономика және бизнес бакалавры дәрежесін алған тұлғалар басқару жүйесінің орта буынының басшысы ретінде мамандандырылған жұмысты атқару үшін барлық теориялық білімді  және тәжірибелік дағдыларды меңгереді  және болашақта әр түрлі басшылық қызметтерде жұмыс істей алады.

5В050800 – «Есеп және аудит» (мамандануы: «Салалардағы бухгалтерлік есеп», «Банктегі бухгалтерлік есеп», «Халықаралық есеп және аудит»). Бітірушіге есеп және аудит  мамандығы бойынша «экономика және бизнес бакалавры» академиялық дәрежесі беріледі.

Осы бағыттың маманы экономика және өндірісті басқару сферасында қызмет атқарады, бухгалтерлік есеп, аудит және экономикалық талдау, стратегиялық және тактикалық басқарудың негіздерін біледі, бизнес-жоспарларды дайындауды, шаруашылық субъектінің қаржылық және бухгалтерлік есептілігін талдауды үйренеді, сонымен қатар халықаралық корпорацияларда бухгалтерлік есеп жүргізу және халықаралық бизнесті ұйымдастыру ерекшеліктерін меңгереді.

Нарықтық экономика жағдайында аталған  мамандық иелері кез-келген ұйым, фирмалар, компаниялар және т.б.кәсіпорындарға қажет.

Шымкент университетінің «Экономика және есеп» кафедрасы экономиканың барлық салалары бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Кафедра ПОҚ институттың оқу-әдістемелік семинар жұмыстарына белсене қатысады. Оқытушылар кредиттік оқыту жүйесіне сәйкес пәндер бойынша силлабустар, практикалық, семинарлық сабақтарды өткізу, СӨЖ ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқауларды жетілдіріп, оқулықтар, оқу құралдарын,  лекциялар курстарын шығару, сонымен бірге дәрістерді мультимедиялық әдіспен өткізулерге көп көңіл бөледі.

        Кафедрада ғылыми-әдістемелік семинар қызмет жасайды. Жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ғылыми-әдістемелік семинар мәжілістерінен алынған тәжірибелерді кафедраның ПОҚ лекциялық және семинарлық сабақтарды жүргізуде қолданылады. Оқу процесінің сапасын арттыру үшін оқытудың интерактивті әдістері қолданылады. Кафедра оқытушылары экономикалық пәндерді оқытудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін белсенді қолдануда.

      Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы экономика ғылымдарының докторы, профессор С. Қуашбайдың жетекшілігімен ШУ ЭФ  «Аймақтық жүйелердің дамуының әлеуметтік-экономикалық мәселелері» тақырыбының ҒЗЖ жоспарына сәйкес жүргізіледі. Кафедраның ғылыми қызметінің мақсаты:

  • оқу процесінде ғылыми-зерттеу нәтижелерін белсенді түрде қолдану;
  • ҒЗЖ орындауға студент жастарды тарту;
  • Ғылыми-студенттік қоғам жұмысын ұйымдастыру.

ПОҚ ғылыми-зерттеу нәтижелері оқу процесінде: лекциялық және семинарлық сабақтарда, курстық және дипломдық жұмыстарда, өндірістік және диплом алдындағы практиканы жүргізу барысында қолданылады.

Кафедрада «Экономист» ғылыми-студенттік үйірме қызмет атқарады. Ғылыми-студенттік үйірме мәжілістерінде әлемдік экономика және Қазақстан экономикасының өзекті мәселелері қарастырылады.